Алматы облысында ақпараттық топ латын әліпбиінің маңыздылығын түсіндіруде

Жиынды аудан әкімі Әділбек Далбағаев ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөнінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, жиында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев сөз алды. Оның айтуынша, латын графикасына көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Латын әліпбиіне көшу керек. Себебі, біздің келешегіміз осыған байланысты болып келеді. Жаңа қаріп әлемдік инновацияларды жедел игеруге, келешегімізге нық басып, технология мен коммуникацияны меңгеруге мүмкіндік беретін құрал. Бұл келешек ұрпақ үшін маңызды өзгеріс. Ендеше рухани жаңғыруымыздың темірқазығы болып отырған латын әліпбиін халық болып қолдауымыз қажет», - деді басқосу барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Мұратбек Иманғазинов.
Сондай-ақ жиында өңір халқы облыстан арнайы келген топ мүшелеріне көкейде жүрген сауалдарын қойып, латын әліпбиіне көшу жайында нақты мәліметтер алды.