Алматы облысында алты баланың анасы ескі моншада босанғалы отыр
«Басқа жерді жалдауға ақшамыз жоқ және көпбалалы адамға ешкім жалға пәтерін бергісі келмейді. Амал жоқ, құлайын деп тұрған моншада тұрып жатырмыз. Жауын жауса төбеден су сорғалайды. Жауынның астында отырамыз. Ал қар жауса азынап кетеді. Тек төрт қабырғасы бар деген аты ғана», - дейді көпбалалы ана Гүлбану Ысқақова.
Гүлбанудың айтуынша, оның жолдасы үшінші топтағы мүгедек екен. Әр жерде жалданып жұмыс істейді. Ал тапқан табысы балаларының тамағынан аспайды. Ересек ұлы да осы әкесіне көмектеседі. Ал тұңғыш қызы колледжде оқиды екен. Қарасай ауданындағы әкімдіктегілер көпбалалы ананың жағдайымен таныспыз, бірақ тез арада мәселе шешілмейді деп отыр.
«Қаскелең қаласында Қарлығаш ықшам ауданында жеке кәсіпкер Еламан ЖШС тарапынан кредиттік үйлер салынып жатыр. Ол үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы беріліп жатыр. Қазіргі таңда бөлім тарапынан, әкімшілік тарапынан тұрғын үйлер беріліп жатқан жоқ», - деді Қарасай аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ербол Нағашыбаев.
Тығырыққа тірелген ана енді жаны жомарт жандардан көмек сұрайды.
Тұрмыс тауқыметін тартып отырған отбасыға қол ұшын созуға ниетті жандар мына номерге хабарласуларына болады: 8 778 140 57 24