Алматы облысында әмбебап дене шынықтыру кешені ашылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алакөл ауданы Үшарал қаласында мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында салынған жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған «Тарлан» атты әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында әмбебап дене шынықтыру кешені ашылды

Жаңа спорт кешенінде келушілердің спорттың бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика және футбол түрлерімен айналысуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жергілікті тұрғындардың қуанышын бөлісуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Алматы облысында спортты дамыту мен халықты салауатты өмір салтын ұстануға тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні өңірде 3 мыңнан астам спортпен шұғылдану орындары мен 37 спорт мектебі қызмет көрсетуде. Жалпы облыс бойынша 500 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Спорттың гандбол, көгалдағы хоккей, регби, ат және ұлттық спорт түрлері бойынша жаттықтыратын балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері де жұмыс істеп тұр. Бұқаралық спортты дамытуды жалғастыра отырып, біз, облыстың барлық аудандары мен қалаларында дене шынықтыру - сауықтыру кешендерін (ДСК) салуды жоспарлап қойдық. Бұл игі істе бізге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлкен қолдау көрсетуде. Бүгін бәріміз бірігіп, осындай ДСК-ның бірін ашқалы тұрмыз. Осы ДСК-дан аты әлемге танылатын жаңа чемпиондардың жаттығып шығарына сенім білдіремін. Баршаңызды осынау айтулы шарамен шын жүректен құттықтаймын», - деді А.Баталов.

Осыдан кейін жиналған көпшілікті бокстан Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев құттықтады.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 550 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуірінде басталған болатын. Құрылысты жүргізген - «BB Company» ЖШС. Ғимараттың ауданы 1100 шаршы метр, ал кешеннің жалпы ауданы - 6000 шаршы метр. Түрлі спортқа бейімделген залдардан бөлек, жаттықтырушылар мен дәрігерлер бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Футбол алаңы мен «Street workout» қалашығы кешенге жапсарласа орналасқан.

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысының Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ және Алакөл аудандарында жалпы саны 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Сондай-ақ Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласы мен Шамалған ауылында, Талғар ауданының Талғар қаласында, Райымбек ауданының Кеген ауылында, Ақсу ауданының Жансүгіров кентінде ДСК құрылысы жүріп жатыр.

null null null null