Алматы облысында АН-2 ұшағы неліктен қонуға мәжбүр болды - ресми мәлімет
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, ұшақ қозғалтқышының жұмыс істемей қалуы себепті шұғыл түрде жерге қонуға мәжбүр болған. Ұшақта 2 экипаж мүшесі және 3 жолаушы (медиктер) болған.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Ұшақ оңтүстік бағыттағы ұшу-қону жолағынан 1,5 шақырым жерге қонды.
Оқиға орнына ТЖД (7 қызметкер мен 2 бірлік техника), «Боралдай» аэродромы авиациялық қауіпсіздік қызметі мамандары (15 қызметкер мен 5 бірлік техника) барды.
Айта кетейік, осыған дейін, Боралдай - Кеген бағытындағы санитарлық рейстің мәжбүрлі түрде жерге қонғандығын хабарлағанбыз.
«Оқиға 2021 жылдың 26 ақпанында сағат 12.26-да болған. Іле ауданының Боралдай кентінде «Боралдай-Кеген» бағытында санитарлық авиация бойынша әуежайдан ұшып шыққан АН-2 ұшағы қозғалтқышының жұмыс істемей қалуына байланысты шұғыл жерге қонуға мәжбүр болды»,-деп мәлімдеді ресми өкіл.