Алматы облысында «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастыратын зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды

АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында ауылшаруашылығы саласына арналған «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастыратын зауыттың салтанатты ашылу рәсімі болды.
None
None
Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазақстанның ұлттық инновациялық қоры» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.Баспасөз қызметінің мәліметінше, зауыттың ашылу рәсіміне Ауыл шаруашылық министрлігінің, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның, Алматы облысы әкімдігінің, Қытайдың «YTO Group» компаниясының өкілдері қатысқан. «Ұлттық инновациялық қор» АҚ баспасөз қызметі 2009 жылдың сәуір айынан бастап Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында «Арлан» атты қазақстандық трактор құрастырыла бастағанын бұдан бұрын хабарлаған болатын. Жоба мемлекет пен жеке меншік серіктестік қағидаты бойынша жүзеге асырылуда. Инвестициясының көлемі 268 миллион теңгені құрайды. Жобаны Ұлттық инновациялық қордың қатысуымен құрылған «Әрекет» венчурлық қоры қаржыландыруда. Оны жүзеге асыру мақсатында «Қараталагротех» атты арнайы компания құрылған. Ал тракторды құрастыруға арналған бөлшектерді жеткізіп тұратын стратегиялық серіктес ретінде ауылшаруашылық техникасын жасауда 55 жылдан астам тәжірибесі бар Қытайдың «YTO Group» 1-ші мемлекеттік трактор зауыты таңдалған. «Бұл жобаның артықшылығы, 20-дан бастап 180 аттың күші бар тракторларды таңдауға болады. Мұнда құрастырылатын 20-40 ат күші бар «Арлан-200», «Арлан-254» және «Арлан-404» шағын көлемді тракторлар Қазақтан рыногында теңдесі жоқ, ал құны бойынша шағын және орта фермерлік қожалықтарына қолжетімді», делінген баспасөз баянында. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, елімізге жылына 5 мың жер жыртатын доңғалақты тракторлар қажет көрінеді. Ал «Арлан» тракторлары сияқты шағын көлемді техника, әсіресе еліміздің оңтүстік аудандарына қажет. Қазіргі таңда машина -трактор паркін жаңарту Қазақстанда көкейкесті болып отыр: тракторлардың 80-84 пайызы 13-14 жыл бойы пайдаланылып келеді, ал шын мәнінде олардың нормативті пайдалану мерзімі 8 -10 жыл. Атап өтерлігі, «ҚараталАгроТех» компаниясы жыл сайын 700-ге жуық трактор құрастыруды жоспарлап отыр. «Арлан» тракторларынан басқа «ҚараталАгроТех» компаниясы аспалы және тіркеме жабдықтардың кең көлемді түрлерін сатумен айналысады.
Соңғы жаңалықтар