Алматы облысында әскери техника шығаратын зауыт ашылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысында еліміздің қорғаныс саласы үшін замануи радиолокациялық техника шығаратын қазақстандық-франциялық «Гранит-Талес Электроникс» зауыты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зауыттың салтанатты ашылуына ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Арман Рамазанов пен Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен қатысты.
Зауытта франциялық әскери техника құрастырылатын болады. Сонымен қатар, Франция тарапы радиолокациялық құрылғылар саласындағы технологияларын зауытқа бермек.
«ҚР Қорғаныс министрлігі әлемдегі үздік радиолокациялық өнімдер шығаратын компанияларды зерттеу қажет деген міндет жүктеді. Біз франциялық «Талес» компониясына тоқтадық. Екіжақты жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін 2012 жылы «Талес» компаниясы тарапынан GTE-2 технологиясын «Гранит-Талес Электроникс» ЖШС-іне беру туралы келісімшартқа қол қойылды», - деді СКТБ «Гранит» директорының орынбасары Марат Аманжолов.
Келісмшартқа сәйкес, 2014 жылы Қазақстанға құрылғының алғашқы үлгісі жеткізілді. Қазіргі уақытта ол әуе қорғанысы күштерінде қолданыста.