Алматы облысында асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту жоспарлануда

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің төрағалығымен қой шаруашылығын дамыту және қой тұқымын асылдандыру мәселесіне арналған семинар кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Негізгі баяндаманы қой шаруашылығы бойынша Республикалық палатаның төрағасы Тынышбай Досымбекұлы жасады.

Досымбекұлының айтуынша, палата мүшелігіндегі ғалымдар бірлесіп қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеген. Осы бағдарламада белгіленген бірінші кезектегі мәселелер туралы баяндамашы кеңінен әңгімеледі. Палата төрағасы ең алдымен бәсекеге қабілетті біртекті тауар қалыптастыру қажеттігін айтты. Бұл тауар халықаралық стандарттарға және экспортталатын елдің стандартына сай болуы керек. Бұл орайда жоғары өнімділігін, өз құнының төмен болуын, тиісті тауарлық келбеті болуын қамтамасыз ету қажет.

Жұмыстың негізгі міндеттерін айқындаған баяндамашы оларға қол жеткізу жолдары, көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар, қой тұқымын асылдандырудың сатылай қадамдары, экспортқа шығару және басқа да мәселелерге тоқталды. Осындай мазмұндағы барлық мәселелер бойынша Республикалық палата қой өсірушілерге барлық қажетті көмекті көрсетпек.

Семинарда Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, палаталар кеңесінің мүшесі Төлеухан Садықұлов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Мамай Прманшаев, «Жетісу» аймақтық қауымдастығының төрағасы Кеңесхан Әбділденов қатысып, қой шаруашылығын дамытудың ғылыммен байланысының маңызы жайлы әңгімеледі.

Облыстағы шаруа қожалықтарының басшылары, қой өсірушілер кездесу барысында ғалымдар мен сарапшылардан ұсақ мал өсірудің замануи тәсілдерін ғана естіп қана қойған жоқ, сонымен қатар өздерін толғандыратын сауалдарына тиянақты жауап та алды.

Кездесуге қатысушылар мұндай конструктивті диалог алға қойған міндеттерді тиімді шешуге көмектесетінін, қой өсіруде айтулы жетістіктерге жету жолында облыс фермерлері де өз үлестерін қосатындығын айтты.

Соңғы жаңалықтар