Алматы облысында Атагелді Ысмайыловтың есімі көшеге берілмек
АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыда қазақ дубляжының саңлағы, актер, режиссер, драматург, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Атагелді Ысмайыловты еске алу кеші болып өтті. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы бұл шара әйгілі өнер саңлағының туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
«Осы өнер ұжымының ұсыныс хатымен Алматы облысының Талғар ауданындағы Көлсай ауылында Атагелді Ысмайыловқа көше аты беріледі. Қазір бұл мәселе Үкіметте қаралып жатыр», - дейді Талғар ауданы әкімдігінің басқарма бастығы Фарида Бегамбаева.
Атагелді Ысмайылов 1922 жылы 27-желтоқсанда Алматы облысындағы Қамыссай ауылында өмірге келіп, 2003 жылы 22-сәуірде өмірден озған болатын. Театр училищесін бітірген соң еңбек жолын 1953 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан бастаған ол 1954 жылы арнайы шақыртумен Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрына ауысады. Онда 100-ден астам рөлді сомдап, өзі де бірқатар қойылымдарды сахналаған өнер саңлағы кино саласында да өнімді жұмыс жасаған. Онда түрлі фильмдерге түсіп ғана қоймай, мыңға жуық кино туындыларды дубляждаған А. Ысмайылов көзінің тірісінде-ақ «дубляж королі» атанған болатын.