Алматы облысында әтештер арасында төбелес «кештері» ұйымдастырылған

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында әтеш төбелестіріп, пайда тапқандардың үстінен іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында әтештер арасында төбелес «кештері» ұйымдастырылған
Фото: pexels.com

Алматы облысында әтештер арасында төбелес «кештері» өтетіні жайлы видео желіге шықты.

«Алматы облысы Іле ауданы Қоянқұс ауылының тұрғындары ештеңеден қорықпайтын әтештердің арасында шайқастар өткізеді. Мұнда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың көріністері бар... Заң бойынша төбелес ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған», - делінеді желідегі жазбада.

Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желі арқылы 5 тамызда Іле ауданы Қоянқұс ауылында әтештер арасында төбелес ұйымдастырылғаны анықталған.

«Аталған дерек Іле ауданының полиция басқармасында ҚР ҚК 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша тіркелді. Қазір жиналған материалдар Алматы облысының экономикалық тергеу қызметіне тапсырылатын болады», - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.