Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ауыл шаруашылығы қызметкерлірінің күні аталып өтті. Салтанатты жиында жыл бойы өткізілген жәрмеңкенің белсенділері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу кәсіпорындарының үздіктері марапатталды. Жеңімпаздарды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәдениет сарайының фойесінде аудан, қалалардың ауыл шаруашылық өнімдері мен өңделген өнімдерінің көрмесі қойылды. Жиында ауыл шаруашылығы қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімі А. Баталов мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірдегі аграрлық саланың дамып келе жатқанына қысқаша тоқталып, осы еселі еңбектегі сала қызметкерлерінің үлесін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Сондықтан да, ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасының, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда өзінің зор үлесін қосуда. Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласының өнімділігі жыл санап арта түсуде. Агроөнеркәсіп саласының облыстың ішкі жалпы өңірлік өніміндегі үлесі 16 пайызға жетуі оның нақты дәлелі», - деді А. Баталов өз құттықтауында.
Сөз соңы марапаттаумен жалғасты. 2017 жылда өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің жеңімпазы ретінде Қарасай, Талғар, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласы үздіктер қатарына аталды. Ауылдық округтер бойынша Көксу ауданының Балпық би ауылдық округі, Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылдық округі, Райымбек ауданының Алғабас ауылдық округі, Панфилов ауданының Үлкеншыған ауылдық округі, Кербұлақ ауданының Жайнақ батыр ауылдық округі марапатталды.Ауыл шаруашылығы өнімін өңдек кәсіпорындары арасында Текелі қаласындағы «Суффле Қазақстан» ашытқы зауыты, Балқаш ауданындағы «Агрофирма «Бірлік» ЖШС, Талғардағы «Южный» ЖШС үздік деп танылды. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық сертификаттары берілді. Алакөлдік «Арқарлы Майбүйрек» ЖШС «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндіруші», Ескелді ауданындағы «Дюсембинов А.К.» шаруа қожалығы «Үздік шаруа қожалығы» атанып, олар «Нива» автокөлігін иеленді. Осы екі аталым бойынша жеңімпаздар қатарында аталған Ұйғыр ауданындағы «Тасқарасу» серіктестігі, Айқсу ауданындағы «Баққон» АШК, ілелік «Сабырбаев М» шаруа қожалығы мен қараталдық «Нұр» шаруа қожалығы 400-600 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, министрліктің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары, облыс әкімінің алғыс хаттары аграрлық сала мамандарының бірқатарына табысталды.
Мереке соңы концертке ұласты.
Жалпы, облыста егін шаруашылығында 2016 жылмен салыстырғанда дәнді-дақылдардың жалпы түсімі - 1,5%, қант қызылшасы - 37,5, майлы дақылдар - 9,5, көкөніс, бақша және жеміс, жидек дақылдары - 3,6% артқан. Ссуармалы суды үнемдеу технологиясын қолдану 5,8 пайызға артып, ағымдағы жылы 172 шаруашылық 986 гектарға тамшылатып суару әдісін енгізді. Тәлімді жерде дәндік дақылдарды өндіруде 146 мың гектарда «нөлдік» технология қолданылады.Биылғы жылы қант қызылшасы алқабын 9,2 мың гектарға жеткіздік, (әр гектардан 360,5 центнер) жалпы 331,5 мың тонна қант қызылшасы өндірілді. Алынған өнімді өңдеу мәселесі шешілді, Көксу қант зауыты модернизациядан өтіп, үшінші жыл табысты жұмыс істеуде. Мал шаруашылығында 10 айдың қорытындысы бойынша мал басы артып, өнім көлемі 3,2 пайызға өсті.