Алматы облысында автожолға дұрыс тазалау жүргізбеген ұйымға 83 мың теңге айыппұл салынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жолға жауапты ұйым автожолдарға тиісті тазалау жүргізбегені үшін жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында автожолға дұрыс тазалау жүргізбеген ұйымға 83 мың теңге айыппұл салынды

Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында полицейлер тиісті ұйымдардың автожолдарды күтіп ұстау талаптарын қадағалау мақсатында тексеру жүргізеді.

«Атап айтқанда, Алматы облысындағы жол ұйымдарының жолдағы қарды күреу жұмыстарының сапасын тексеру мақсатында Полиция департаменті Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторлары «Сарыөзек-Көктал» және «Сарыөзек кентінің айналма автожолдарына» тексеру жүргізді. Тексеру барысында соңғы жауын-шашыннан кейін жолды тазалау және оған инертті материалдарды шашу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталды. Салғырттық нәтижесінде пайда болған қар мен мұз жол апаттарына әкеп соғуы мүмкін екені белгілі. Осыған орай, «Қазақавтожол» ЖШС № 18 ЖПУ жол ұйымына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-тармағына сәйкес автожолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 30 АЕК мөлшерінде 83 340 теңге айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктерді жою туралы тиісті нұсқама берілді», - деді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Серіжан Әбжанов.

Жыл басынан бері Әкімшілік полиция қызметкерлері облыс аумағында жалпы қолданыстағы автожолдарға 1875 тексеру жүргізді. Жол ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жоюды міндеттейтін 1891 ұйғарым жіберілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін құқық қорғау органдары ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабына сәйкес 238 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырып, жалпы сомасы 6 млн. 611 теңгеден астам айыппұл салған.