Алматы облысында әйелдерді тонаған күдікті ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында әйел адамдарды тонаған және қарақшылық жасаған 25 жастағы ер адам ұсталды. Қазір күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында әйелдерді тонаған күдікті ұсталды

Күдіктіні Талғар ауданының полицейлері қолға түсірді. 25 жастағы азаматтың үстінен шілде-тамыз айларында қарақшылық және тонау фактілері бойынша үш арыз түскен. Барлық жағдайда жас әйелдер өз шағымдарында өзара ұқсас адамды сипаттаған. Ер адам өз құрбандарын қорқытып, олардың ақшаларын, ұялы телефондарын, планшеттерін алып кеткен.

«Бір фактіден өзге, әйелдерді тонау деректерінің барлығы Талғар аумағында болған. 24 тамызда күдіктінің 22 жастағы қызға пышақпен тап беру фактісі бойынша Талғар полицейлері оның ізіне түсіп, қолға түсірді. Күдікті 1993 жылы туған көрші Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны болып шықты»,- деп хабарлайды Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК  191-бабы «Тонау» және 192 «Қарақшылық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.