Алматы облысында балалар ауруларында тіс жегісі бірінші орында тұр

Оны облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Сәуле Құсмолданова кеше Алматыда өткен Корея Республикасының Кенги-до провинциясының медициналық туризм туралы семинарында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл сайын өтетін медициналық алдын-ала тексерулердің қорытындысына қарағанда, Алматы облысында балалар арасындағы аурулардың ішінде қазір бірінші орында тіс жегісі тұр. Бізде алдын-ала тексерулер 2005 жылдан бері бюджеттен қаржыландырылуда. Жалпы Алматы облысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Мәселен, бұл салаға 2003 жылы 13 миллиард теңге бөлінсе, биыл ол 30 миллиард теңгеге дейін жетіп отыр», дейді Сәуле Құсмолданова. Оның айтуынша, 223 мың 900 шаршы шақырымды алып жатқан облыс тұрғындарының саны 1 миллион 673 мың адамды құрайды. Оларға бүгінде 893 емдеу мекемесі қызмет көрсетуде.