13:18, 22 Ақпан 2017 | GMT +5
Алматы облысында банкоматты қиратып, ақша алмақ болған ұры табылмай жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында банкоматты қиратып, 4 млн теңгеден астам қаржыны қолды етпек болған ұры табылмай жатыр. Оқиға Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы яғни, 24 және 188 бабына сәйкес іс қозғалды.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Мырзекованың айтуынша, ұры банкоматты тонамақ болған. Дүкеннің ішінде орналасқан қондырғыны газбен дәнекерлеу құрылғысымен қиратып, ақшаны қолды еткісі келген. Бірақ, айлакердің ойы жүзеге аспады. Банкоматты бұзып жатқан сәтінде ішіндегі ақшаларға шоқ тиіп, өртене бастаған. Дүкеннің іші көк түтін болып, дабылқаққыш құрылғысы қосылып, ұры лезде ізін суытып үлгерген.
Ғимараттың есігін қиратып, ішке енген азамат әлі іздестіріліп жатыр. Ал банкоматта 4 млн теңгеден астам қаржы болған. Нақты қанша қаражат жарамсыз болып қалғаны белгісіз.