Алматы облысында банкоматты қиратып, ақша алмақ болған ұрыны таба алмай жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында банкоматты қиратып, 4 млн теңгеден астам қаржыны қолды етпек болған ұры  әлі табылмай жатыр.  Оқиға Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында банкоматты қиратып, ақша алмақ болған ұрыны таба алмай жатыр

Елді елең еткізген жағдай 17 ақпанда болды. Алайда, ұры әлі табылған жоқ. Іздестіріліп жатыр. 

Айта кету керек, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы яғни, 24 және 188 бабына сәйкес іс қозғалды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Мырзекованың айтуынша, ұры банкоматты тонамақ болған. Дүкеннің ішінде орналасқан қондырғыны газбен дәнекерлеу құрылғысымен қиратып, ақшаны қолды еткісі келген. Бірақ, айлакердің ойы жүзеге аспады. Банкоматты бұзып жатқан сәтінде ішіндегі ақшаларға шоқ тиіп, өртене бастаған. Дүкеннің ішін түтін басып, дабылқаққыш құрылғысы  қосылған. Сол сәтте  ұры лезде ізін суытып үлгерген. Ғимараттың есігін қиратып, ішке енген азаматтың кім екені белгісіз. Ал банкоматта 4 млн теңгеден астам қаржы болған.