Алматы облысында билік өкіліне тіл тигізген 15 адамның ісі сотқа жөнелтілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жыл басынан бері 15 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында билік өкіліне тіл тигізген 15 адамның ісі сотқа жөнелтілді

Алматы облыстық ІІД қызметкерлері полицейлерге және басқа да билік өкіліне бағынбай, қарсылық көрсеткен фактілерге ерекше назар аудара бастады. Соңғы екі айда 15 жағдай тіркеліп, осы фактілер бойынша тәртіп сақшылары тергеу жұмыстарын аяқтады. ҚР ҚК 378-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалып, материалдар сотқа жөнелтілді. Олардың ішінде 3 іс  ҚР ҚК 380-бабымен билік өкіліне күш қолдану бойынша қарастырылып отыр. Заңды бұзған күдіктілер айыппұл төлеп, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар Тұтыбаев өзіне Талдықорған қаласы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алмасбек Садырбаев қол көтерді деп сотқа арызданған болатын. Соңында Алмасбек Садырбаев бір жылға сотталып, артынша апелляциялық шағым түсіріп, жазасы  шартты түрге ауыстырылды. Ал істің осыншама насырға шабуына қойдың жүніне төленетін субсидияға Асқар Тұтыбаевтың қол қоймағаны себеп болған еді.