Алматы облысында бір ай іздестірілген жасөспірім табылды
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, баланың анасы ұлын өзі іздеп табуға тырысқан, оның өздігімен қайтып оралатынына да үміттенген.
Анасының өтініші негізінде ұйымдастырылған іздеу шаралары барысында жасөспірім табылып, анасына табысталды.
«Жоғалған бала осы уақытқа дейін досының үйінде болған. Жасөспірім бұған дейін де үйінен кетіп жүрген. Ол біздің арнайы есепте тұрған болатын. Қатесін мойындап, түзелмегеніне байланысты оны тағы да есепке қойып, бақылауға алу мәселесін көтеріп отырмыз. Жасөспіріммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді»,- деді Талғар АПБ басшысы Ерлан Қасым.
Табылған баланың жақындарымен де тиісті жұмыстар жүргізіліп, жасөспірім тағы үйден кетсе, полицияға жедел хабар берудің тиімді әрі іздеу жұмыстарының нәтижелі болатынын ескертті.