Алматы облысында бір бөлмелі пәтерде тұрған соғыс ардагеріне жер үй берілді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылының тұрғыны, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Ермұхан Рысбековке жаңа жер үйдің кілті табысталды. Аудан әкімдігі қоныс иесінің үйіне бірден көмір мен ағаш отынын да түсіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, соғыс ардагері Ермұхан Рысбековке 2013 жылы әкімдік тарапынан бір бөлмелі пәтер берілген болатын. Бұл шаңырақта барлығы 5 адам тұрып келді. Ас үйді жатын бөлме, кіре беріс дәлізді ас үй қылған отбасы пәтердің таршылығын әбден тартқан болатын. Ардагерге 2016 жылдан бері үш баласы бар Данагүл есімді немересі қарап келеді.
«Біз өз тарапымыздан ардагердің өтінішін қарап, бүгін 3 бөлмелі жер үйдің кілтін табыстадық. Жаңа шаңырақтың жалпы аумағы 66 шаршы метр. Қоныс иесі Ермұхан атамыз жаңа үйге көшуіне байланысты қысқа дайын еместігін ескеріп, қатты отынмен және ағашпен камтамасыз еттік», - деді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.