Алматы облысында бір топ оралман азаматтық ала алмай жүр
«Мен келгелі 10 жыл болды. Әлі Қытайдың паспортын ұстап жүрмін. Уақыт біткен деп, жаңалатып алып келдім. Енді Қытайға барып келесің, бір жыл Қытайда тұрасың дейді. Мынау екі-ақ айға тіркелген екен. Мына жақта бала-шағам бар, енді не істерімді білмеймін. Елім-жерім, отаным деп келдім ғой», - дейді Пәзіл Әлім.
Талдықорған қаласындағы облыстық көші-қон басқармасының алдына жиналған бір топ ағайынның басындағы проблема осы екен. Мәселен, Ақай Күлшара 7 жылдан бері аталған құжатқа қол жеткізе алмай келеді.
«2013 жылы маған азаматтық берілсін деп ҰҚК рұқсат берген. Құжатымды тапсырған, міне бәрін берген. Бірақ осы қағазды ала алмай жүрмін. Мен қытайдың паспортын ұстап жүргім келмейді. Қытайға қайта оралғым келмейді. Мен өз елімде тұрғым келеді», - дейді ол.
Ал облыстық көші-қонның азаматтық бөліміне енді ғана басшы болған шенеунік әрқайсысының мәселесімен танысамын деп уәде берді.
«Азаматтыққа қабылдамайды деген сөз жоқ. Бәрі қабылданады. Бірақ әртүрлі тәртіппен қабылданады. Әрқайсысын жеке қарастырайын, сосын қалай жауап беру керек екенін өзім түсіндіріп айтайын», - деді Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасы азаматтық бөлімінің бастығы Төлеужан Жүндібаев.
Қандастарымыз не балаларына, не өздеріне азаматтық бұйырмай, дүние-мүлікті азаматтығы бар адамның атына ауыстырып, үреймен күн кешіп, жалтақтаудан жалықтық дейді. Тіпті кейбірі азаматтық аламын деп жүгіріп жүріп, оралман куәлігінің де мерзімін өткізіп алған.
«Оралман куәліктің уақыты созылса, азаматтыққа қабылдайды екен. Бірақ оралман куәлікті созатын қисын жоқ, сонымен тұрмыз», дейді Ескелді ауданының тұрғыны Бексерік Зейнеш.
Тығырыққа тірелдік деген ағайын енді ертеңгі күндеріне алаңдаулы.