Алматы облысында бір үйір жылқыны айдап кеткен барымташылар ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысында 20-дан астам  жылқыны ұрлаған  деген күдікпен екі тұрғын ұсталды. Қазір оның біреуі қамауға алынып, екіншісі қолхатпен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Алматы облысында бір үйір жылқыны айдап кеткен барымташылар ұсталды

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған екі адам Талғар ауданының тұрғындары. Олар бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Анықталғандай, 5 шілде күні Қарасай ауданындағы Қолащы ауылы маңынан 20-дан астам жылқыны белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Бұл малдардың иесі жергілікті кәсіпкер болып шықты. Қазір ол өзіне келтірілген шығын көлемін 7,5 млн теңгеге бағалап отыр. Арнайы жедел-іздестіру шарасы барысында екі азамат қолға түсті.

«Ұсталған азаматтардың бірі 58 жаста. Екеуі де бұған дейін барымташылық жасап, қылмыстық жасапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда үйір жылқыларды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табылған малдар заңды иесіне қайтарылатын болады», деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қазір аталған факті бойынша тергеу жалғасуда.