Алматы облысында бір үйір жылқыны барымталағандар ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында бір үйір жылқыны айдап алып кеткен барымташылар тобы құрықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 35 бас жылқының жоғалғаны туралы ақпарат Ақсу ауданының ішкі істер бөліміне келіп түскен. Шағымданушы ауданда танымал жылқышы болып шықты.

Алматы облысында бір үйір жылқыны барымталағандар ұсталды

Ол 4 күн бұрын жылқының Көлтабан ауылы маңындағы жайылымнан айдап әкетілгені және өз күшімен іздегенінен ешқандай нәтиже бермегендігін мәлімдеген.

Жедел іздестіру шара барысында Ақсу аудандық ІІБ мамандары тәулік ішінде ұрланған жылқы ізіне түсіп, бір топ барымташыларды ұстады. Қамбар ата төлін тәртіп сақшылары Ескелді ауданы, Сырымбет ауылындағы жеке үй ауласынан тауып алды. Сол жерде полицейлер жылқы ұрлады деген күдікпен 6 адамды тұтқындап, Ақсу аудандық ІІБ жеткізілді. Тәртіп сақшылары 20 жылқыны тауып иесіне қайтарды.

Айта кетерлік жайт, барымташылар бір жылқыны қасаптап сойып жатқан кезде ұсталды. Малдың еті де тіркеліп, жылқышыға берілді. Жолшыбай сатылып кеткен қалған 14 жылқы да іздестіріліп жатыр.Тергеу амалдары ҚР ҚК 188 бабы 3-ші бөлігіне сай жүргізілуде. Сондай-ақ барымташылардың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.