Алматы облысында бір жыл бойы соттан қашып жүрген жүргізуші ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -Алматы облысында соттың жазасынан қашып жүрген көлік жүргізуші ұсталды. Өңірдің полицейлері іздеу жарияланған 29 жастағы жігітті қыстақтардың бірінде қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылдың күз айында Іле ауданында жол-көлік оқиға болған. Салдарынан көліктегі жолаушы, 50 жастағы ер адам көз жұмған. Ал көліктің жүргізушісі Алматы қаласының тұрғыны болған. Ол тергеу барысында қолхатпен жіберілген. Бірақ 29 жастағы азамат сотқа келмей, қашып жүрген. Соңында жауапкершіліктен құтылмақ болған көлік жүргізушіге іздеу жарияланды.
«Іздеу жұмыстары Іле ауданында кең көлемде ұйымдастырылды. Іздеу жарияланған адамның мекен-жайы анықталды. Ол шалғайдағы қыстақтардың бірінде жасырынған. Ал осы уақытқа дейін күдіктінің көлігі арнайы тұрақта тұрды. Қазір ұсталған көлік жүргізуші Іле ауданының полициясына жеткізіліп, қамауға алынды», деп мәлімдеді аталған ведомство қызметінен.
Жақын күндері адам өлімімен аяқталған жол көлік оқиғасына кінәлі адамның ісі сотқа жіберіледі.
«Енді ол осы уақыт бойы жауапкершіліктен қашқаны үшін де заң алдында жауап береді», деп толықтырды облыстық полиция департаметінің полицейлері.