Алматы облысында бірнеше ауылда үй тонаған күдікті ұсталды
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Талғар ауданы Кеңдала, Ақтас, Бесағаш және Ават ауылдарының аумағында осы жылдың тамыз – қыркүйек айларында жеке меншік үйлерде 9 ұрлық дерегі тіркелген. Тағы екеуі ақпан және маусым айларында жасалған. Қылмыс жасау тәсілі мен ұрланған құндылықтарға сәйкес, тәртіп сақшылары оларды бір адам жасаған деген қорытындыға келді.
«Негізінен, жеңіл ақшаны жақсы көретін азаматтың үйге енудегі әдісі- терезе арқылы болған. Алайда кей жағдайларда ол ашық есіктер арқылы да үйлерге кірген. Ол барлық құнды заттарды, ақша, алтын бұйымдар, теледидарлар, спирттік өнімдер, тамақ өнімдерін және телефондарды қолды қылған.Ұрланған бұйымдардың қатарында дәнекерлеу аппараты да бар»,-дейді Талғар АПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Андрей Бурьянский.
Тәртіп сақшылары Еңбекшіқазақ ауданының 41 жастағы, бұрын бірнеше рет сотталған, еш жерде жұмыс істемейтін тұрғынының ізіне түсті. Нәтижесінде күдікті ұсталып, ол өз кінәсін толық мойындады. Ұрланған заттардың бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды. Кейбір құнды бұйымдар табылмады. Бірақ оларды сатып алған куәгерлердің айғақтары бар. Айналасындағы ауылдардың тұрғындарына тыныштық бермеген ұрыны құрықтаған үшін жәбірленушілер полицейлерге шын жүректен алғыстарын білдірді. Күдікті ұсталғаннан кейін ұрлық саны күрт азайған.
«Жеке басын, соттылығының болуын, жасалған қылмыстардың санын, келтірілген залалдың өтелмеуін ескере отырып, күдіктіге сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның басқа да осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша жұмыстар жалғасуда», - деп толықтырды полиция полковнигі Андрей Бурьянский.