Алматы облысында биыл 50 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Алматы облысының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы және оның дамуына мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілуде. Биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 16 мың гектарға жетті. Одан 550 мың тонна өнім алып, 50 мың тонна ақ қант өндіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында биыл 50 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр

Елбасының қант қызылшасының бұрынғы даңқын жаңғырту туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыс басшылығы 2014 жылдан бастап барлық қажетті шараларды қабылдады.

Егер 2014 жылы қант қызылшасының алқабы 1,2 мың гектар болса, 2020 жылы ол 16 мың гектарға жеткізіліп, 14 есеге жуық ұлғайтылды.

Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін облыстың шаруа қожалықтарына субсидия беріліп, Франция, Германия, Дания елдерінен әкелінген жоғары өнімділікті тұқым берілді. Арнайы техника және жанар-жағармай мәселесі де шешілді.

«Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен қант қызылшасы бағытында 29 сервистік-дайындау орталықтары құрылып, құны 6,4 млрд теңге болатын 621 арнайы техника сатып алынды. СДО-лар үшін барлығы 1200 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, қаржылық лизингіге берілді.

«Біз қант қызылшасын өсірумен қатар өңдеу ісін де шештік. Қызылша өсіру өте ауыр жұмысты талап етеді. Сондықтан оның әр тал өнімін шашау шығармай өңдеуді жолға қоюымыз керек болды. Сондықтан біз ең алдымен жылдар бойы тоқтап тұрған Көксу қант зауытын, одан кейін Ақсу қант зауытын іске қостық. Инвесторлар тарттық. Олар зауытты қайта жаңғыртудан өткізіп, отандық, ресейлік, украиналық және басқа да шетелдік ең озық үлгідегі құрал-жабдықтарды орнатты. Сол сияқты зауыттарда бұрыннан істеген мамандарды қайта шақырдық», - деп атап өтті өңір басшысы А.Баталов.