Алматы облысында блокпосттан ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген ер адам ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысы Іле ауданы Покровка ауылындағы қосымша блокпостта төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Ұзынағаш ауылының 36 жастағы тұрғыны ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында блокпосттан ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген ер адам ұсталды

«Ұсталған азаматты деректер қоры бойынша тексеру барысында, Ұзынағаш ауылында жасаған ұрлығы үшін Жамбыл аудандық полиция бөлімі іздестіріп жатқандығы және оның полициядан жасырып жүргені белгілі болды. Г. есімді азамат дереу полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, малдарды заңсыз тасымалдау, олардың құжаттарының болмауы, сондай-ақ ұрланған мал деректері де тексерілуде. Осылайша, жергілікті жерлерде ұрланған ұсақ малдарды көрші ауылға апаруға тырысқан мал ұрылары ұсталды», - деді Іле аудандық полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев.

Жалпы Іле ауданы бойынша орналасқан блокпосттарда барлығы жиырма мыңға жуық көлік құралдары тексерілді және Алматы қаласының аумағына бес мыңнан астам азаматқа кіруге рұқсат берілмеді. Сонымен қатар, 26 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оның 18-і Қарасай аудандық сотының қаулысымен 5-тен 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алынды. Екі адамға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

«Сондай-ақ, жеке дүкендердің үш иесі сағат 20:00-ден кейін сауда-саттықтарын жалғастырғаны үшін, әрқайсысы 10 АЕК мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды. Тыйым салынған учаскелерде жеке тасымалмен айналысқан 31 жастағы азаматқа да дәл осындай айып тағылды», - деп толықтырды полковник Күштібаев.