Алматы облысында бокстан Дінмұхмед Қонаевтың 100 жылдығына арналған турнир өтті
АЛМАТЫ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылында 7-10 маусым күндері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған бокс турнирі болды.
Оны «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының Орталық кеңесі мен «Сұлтан» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Оған Алматы қаласы мен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Қырғызстан, Мьянма сияқты шет елдерден 108 спортшы қатысты.
«Бұл турнирдің өзгелерден ерекшелігі сол, оның ауылды мекенде өткізілуі. Қалада өтетін сайыстарға қатысу ауылдық жердегі спортшыларға оңайға соқпайды. Ауылда талантты спортшылар көп. Соларды шыңдап, жігерлендіре түсу үшін осындай шараларды қаладан шеткері жатқан елді мекенде өткізуді жөн көрдік», - дейді «Динамо» ДШСҚ Спорт басқармасының спорттық резерв бөлімінің бастығы Владимир Коломец. Ал турнирдің бас төрешісі Рахымжан Сыдықов: «Жалпы бұл турнирдегі басты мақсат - жастар арасында спортты насихаттау. Сондай-ақ мемлекетіміздің өркендеп өсуіне зор үлес қосқан саяси қоғам қайраткері, еліміздің біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевты кеңінен таныстыру. Біз ауылды жерде осындай жарыстар өткізген сайын талантты балаларды танып, олардың бойындағы қабілетін дамыту үшін іріктеп алып отырамыз. Қазір оқушылардың барлығы жазғы демалысқа шықты, бірақ та біз жаттығу жұмыстарын тоқтатпаймыз. Алдағы тамыз айында осындай тағы бір турнир өткіземіз, егер онда спортшылар жақсы өнер көрсетсе, дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне қабылдаймыз», дейді.
Төрт күнге созылған 1994-2001 жылғы былғары қолғап иелері арасындағы сайыста Алматы қаласынан барған «Динамо» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Мьянмадан келген 8 споршының үшеуі ақтық сынға шығып, екеуі чемпион атанды. Жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтқан бас төреші бұл турнирге спортшылардың үлкен дайындықпен келгендігін айтып отыр. Оның айтуынша, Мьянма елінен келген өкілдер Қазақстанда спорттың бұл түрі өте жақсы жолға қойылғандығын мойындап, тәжірибе алмасуға шақырған. Оларға қазіргі уақытта қазақстандық Берік Қасымқанов спорттың бұл түрін дамыту үшін қол ұшын беріп жүрген көрінеді.