Алматы облысында бостандыққа шыққан қылмыскер қайта қамауға алынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 76 жастағы әжені буындырып өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Алматы облысында бостандыққа шыққан қылмыскер қайта қамауға алынды

Қазір 48 жастағы келіншек уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті бұған дейін есірткі саудалаумен айналысып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 9 жылын абақтыда өткізген әйел темір тордан босатылып, қайта қылмыстық жауапкершілікке тартылуда

Оқиға Үштөбе қаласында болған. Жер үйлердің бірінен кейуананың мүрдесі табылды. Арнайы сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушіні қинап, қылқындырып өлтірген.

Анықталғандай, күдікті келіншек жалғыз тұратын үштөбеліктің үйін тонауға келген. Сол сәтте кейуана ұйқысынан оянып кеткен көрінеді. 76 жастағы әже шамасы келгенше ұрыға қарсылық танытқан. Бірақ, соңында қаскөй қартты өлтіріп, үйінен бағалы әшекей бұйымдары мен зейнетақысынан жинап терген қаржысын қолды қылған.

Күдікті өз қылмысын мойындады. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жұмыстары жалғасуда.