Алматы облысында дәрігерлер 7 жастағы қыздың өліміне қатысты түсінік берді

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Алматы өңірлік балалар клиникалық ауруханасының басшылығы 7 жастағы Василина Бражникованың өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында дәрігерлер 7 жастағы қыздың өліміне қатысты түсінік берді

Іле ауданының Боралдай ауылының тұрғыны Василина Бражникова 18 қазанда ауруханада көз жұмған.

Қыздың қазасына байланысты аурухана өкілдері түсінік берді.

«15 қазанда Василина Бражникованың жақындары дəрігер шақыртқан. Жедел жəрдем бригадасы қыздың үйіне барып, тексерген. Оған асқазан ішек жолдарында қан кетуі диагнозы қойылды. Дəрігерлер барғанда анасы үйде болмаған. Мамандар оны телефон арқылы шақыртты. Анасының айтуынша, бала 5 күнен бері ауырып жүрген. Үйде амбулаториялық ем қабылдаған. Церукал, регидрон ішіп жүрген. Баланың жағдайы ауыр болды. Қошқыл түсті құсық құсқан. Тəбеті болмаған. Терісі бозарып, əлсіреп кеткен. Баланың іші ауырған»,- деді аурухана өкілдері.

Фельдшерлер қызды бірден Боралдайдағы ауруханаға əкеліп, одан облыстық ауруханаға ауыстырған.

«Қыздың анасы ауруханаға жатудан бас тартты. Оның бас тартқанына қарамастан, қызды облыстық ауруханаға апардық. Баланы толық тексеруден өткіздік. Асқазан ішек жолдарының рентгені жасалды. Абдоминальды синдромы бар жедел респираторлық вирустық жұқпа деген диагноз қойылды. Бала жергілікті педиатрдың, гастроэнтерологтың бақылауына жіберілді», - деді мекемеден.

Үйге оралған соң ертесіне қыздың жағдайы нашарлай түскен. Жедел жəрдем тағы оны облыстық ауруханаға жеткізді.

«Ауруханаға түскенде оған Рей синдромы деген диагноз қойылды. Бала 11 қазаннан бастап ауырған. Анасы оған бірнеше рет 500 мг жəне 1 гр парацетамол таблеткасын берген. Баланың жағдайы одан жақсармаған. Екінші рет түскенде баланың жағдайы өте ауыр болды. 16-18 қазан аралығында бала жансақтау бөлімінде жатты. 18 қазанда баланың қайтыс болғаны туралы айтылды»,- деді аурухана дəрігерлері.