Алматы облысында денсаулық сақтау саласының бюджеті 80 млрд теңгеден асты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 2016 жылы Алматы облысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 80,9 млрд теңгеден асты. Бұл жөнінде өңір басшысының ресми сайтында жарияланды деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында денсаулық сақтау саласының бюджеті 80 млрд теңгеден асты

Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,5 млрд теңге бөлінді.

123 бірлік медициналық құрал-жабдықтар мен 35 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде облыстың медициналық мекемелері санитарлық автокөлікпен орташа есеппен 87,3% қамтамасыз етілді. Медициналық құрал-жабдықтармен және медициналық бағыттағы бұйымдармен жарақтандырылу деңгейі 81 %-ды құрайды.

Нәтижесінде, облыс халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. 2015 жылмен салыстырғанда ана өлімі 25,5%-ға, нәрестелердің шетінеуі - 4,2-ге, қан айналымы жүйесінің ауруларынан қайтыс болу - 20,6-ға, қатерлі ісіктерден адам өлімі 5,7%-ға төмендеді. 

Облыста 826 денсаулық сақтау мекемелері бар. Оның ішінде 663-і - мемлекеттік, 163-і - жекеменшік. Мемлекеттік ұйымдарда 4 867 дәрігер мен 13 765 медбике жұмыс істейді. Былтыр Талдықорған қаласында 300 орынды қалалық көпсалалы аурухана және Алакөл ауданының Ақши ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. 14 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.