Алматы облысында егіс жұмыстарының 69% аяқталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Алматы облысында көктемгі егіс жұмыстарының шамамен 69,1% аяқталды. Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен селекторлық жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің айтуынша, «Қолдау» жүйесі арқылы берілген электронды өтініштерінің негізінде 1086 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында берілетін субсидиядан 1 024,9 млн. теңге субсидия алды. Сол сияқты егіс науқанын мерзімінде әрі сапалы атқару үшін «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-ның «Кең Дала» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 78 займ алушыға 888,4 млн. теңге несие берілген. Сонымен қатар 11 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 290 млн. теңге несие алуға өтініш қалдырыпты. Бөлінген 19,0 мың тонна дизель отынының 5,3 мың тоннасы жеткізілген. Бұл ретте өңір шаруашылықтары әр литрін 165 теңгеден 4,2 мың тонна дизель отынын алып үлгерген. Осының барлығы өз кезегінде көктемгі егіс жұмыстарының тиімді атқарылуына, аграрлық саланың алға басуына ықпал етпек.

Амандық Баталов жиында егіс науқанының барысы, Ақсу, Көксу қант зауыттарының өңдеу маусымына дайындығы, жүгері мен картоп өнімділігін арттырудың мүмкіндіктері туралы сұрап-біліп, міндеттер жүктеді.

«Төтенше жағдай режиміне қарамастан көктемгі дала жұмыстары бір күнге де кешіктірілмей мерзімінде басталып, бір сағат та толастаған жоқ. Осындай қиын кезеңде ауыл шаруашылығы саласы алдыңғы шепке, алғы позицияға шығып отыр. Жұмыстарды осы қарқында жалғастыра беруіміз керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да солай. Біз Ақсу, Көксу қант зауыттарын, Жаркент крахмал-сірне зауытын қажетті шикізаттармен қамтамасыз етуді жолға қойдық. Енді күні кеше Талдықорғанда ашылған «Жетісу-Мажико» зауытын да майлы дақылдармен, соның ішінде рапстың қажетті көлемімен жүйелі түрде қамтамасыз етуіміз керек. Біз жыл сайын егістік алқаптарының көлемін ұлғайтып келеміз. Мәселен, егіс алқабы биыл былтырғыға қарағанда 4,9 мың гектарға ұлғайтылып, 966,5 мың гектарға жеткізілді. Дегенмен егістіктерді ұлғайту мүмкіндігі шексіз емес. Сондықтан алдағы уақытта біз өнім шығымын арттыру арқылы өсімді қамтамасыз етуге баса мән беруіміз керек«, - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Өңір басшысы тиісті сала мамандарына, әсіресе, қант қызылшасы, картоп, жүгері өнімділігін ұлғатуға бағытталған шараларды атқару туралы нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар