18:12, 02 Қараша 2017 | GMT +5
Алматы облысында ер адам әйелді құтқарамын деп кісі өлтірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Іле ауданына қарасты Боралдай ауылы маңында қамыс арасынан шамамен 35-40 жастағы ер адамның денесі табылды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше кісі өлтірді деген күдікпен күл-қоқыстан темір-терсек теріп жүрген жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күдікті бұл әрекетке қаза болған адам таныс әйелді зорлағалы жатқанда араша түсіп бардым деп ақталуда. Күдіктінің мәлімдемесін куәгер ретінде шақырылған азаматша да растап берді. Сондай-ақ, ол өзін белгісіз біреудің зорлауға әрекет жасағаны туралы тәртіп сақшыларына арызданды. Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, жәбірленушіге қалай және неше жерден пышақ салғанын айтып берді.
Полицияда анықталғандай, ұсталған азамат бұрын да ауыр қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал қаза болған азаматтың кім екені әлі анықталмады.