Алматы облысында есірткі сатқан әскери қызметші 5 жылға сотталды

Талдықорған гарнизонының әскери соты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 1-бөлігінде («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») белгіленген қылмысты жасады деп айыпталған №2534 әскери бөлімшенің әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық істі қарады.
Іс материалдары бойынша, 2017 жылдың шілде айында Алматы облысында ер адам өткізу мақсатында өзінің танысынан құрғақ марихуананы алып, сақтаған. Кейін ол есірткіні газет парақтарына орап, белгісіз адамға 3 мың теңгеге өткізген.
Соттың үкімімен әскери қызметші айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру, қылмыстық жолмен алған немесе қылмыстық жолмен табылған ақшаға алған мүлкін тәркілеу жазасына кесілді. Ол қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.