Алматы облысында газ жарылысынан 4 адам зардап шекті
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 адамды 1-4 дәрежеде күйік шалған. Зардап шеккендер Алматыдағы ауруханаға жеткізілген.
«2018 жылдың 25 ақпанында жергілікті уақыт бойынша 17:51 минутта Қарасай ауданы, Жандосов ауылындағы Т.Бокин көшесі № 21 В жеке тұрғын үйдің (27 литр газ баллоны) жертөлесінде газ қоспасы ауаға таралып, қопарылды. Оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті «ӨСжәнеАҚЖҚ» мемлекеттік мекемесінің 4 қызметкері және 1 техникасы барды», деп мәлім етті облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.
Сондай-ақ, құтқарушылар жеке және көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллонын пайдалануда аса сақ болуды ескертті.
«Ақауы бар, бүлінген, сынақтан өткізу және пайдалану мерзімдері өтіп кеткен газ баллондарын пайдалану өте қауіпті. Сондықтан барынша абай болып, газ баллондарды пайдалану ережелерін қатаң ұстануды ескертеміз», - деді А.Жұртбаев.