Алматы облысында қар көшкіні салдарынан 1 адам қаза тапты
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат - Кеше Алматы облысында орын алған қар көшкінінің астында 2 азамат қалып қойды.
Бұл ақпаратты еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, Талғар ауданына қарасты Іле Алатауында екі мәрте қар көшкіні орын алып, екі азамат қар астында қалып қойған. Жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстары барысында қар астынан 1977 жылы дүниеге келген азамат шығарылып, ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар 66 жастағы азаматтың денесі табылған. Сырғып түскен қардың болжамды көлемі 5000 текше метрді құрайды.
Төтенше жағдайды жоюға Алматы қаласының «051» құтқару қызметінің 5 маманы мен 1 техникасы, «РОСА» мекемесінің 38 маманы мен 5 техникасы, «Қазселденқорғау» мекемесінің 5 маманы және ҚР ТЖМ Талғар аудандық бөлімінің 4 маманы мен 1 техникасы жұмылдырылған.