Алматы облысында қар құрсауынан 9 адам құтқарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Демалыс күндері Алматы облысының құтқарушылары қар құрсауынан 9 адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі жағдай Алакөл ауданында тіркелсе, бір шақырту Кербұлақ ауданынан түскен,
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, Үшарал-Достық жолының Жалаңашкөл учаскесінде қалған автокөлікте үш адам болған. Олардың біреуі – бала.
Сондай-ақ Көктұма ауылынан 15 шақырым жерде трактор қалың қарда қалып қойған. Ауылшаруашылық техникасында екі адам отырған. Алакөл ауданы жедел құтқару жасағының қызметкерлері оларды Көктұма елді мекеніне эвакуациялады.
Ал төрт адам мінген «Toyota Hilux» автокөлігі Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылы маңында қалың қардан өте алмаған. Сарыөзек өрт сөндіру бөлімінің мамандары оларды Жүзасу қыстағындағы шаруа қожалықтарының біріне жеткізді. Құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған 9 адамның бәрі дін аман.