Алматы облысында қар құрсауынан екі автокөлік шығарылды
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматы облысында қар құрсауынан екі автокөлік шығарылды, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қолайсыз ауа райы (қарлы боран) мен жолдың нашар көрінуі салдарынан Үшарал-Достық автожолында қозғалысқа шектеу қойылған болатын. Бүгін түнде жолды қардан тазалау жұмыстары барысында «Қазақавтожол» РМК-ның № 19 жол пайдалану учаскесінің қызметкерлері қар құрсауынан ішінде 5 адам бар 2 автокөлікті шығарып алды. Автокөліктер қар тазалау техникасына еріп, Көктұма ауылына дейін жетті. Қазіргі кезде бұл учаскеде 3 қар тазалау техникасы жұмыс жасауда.
«Сонымен қатар, 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні ауа райының 40-45 градус аязға дейін төмендеуіне байланысты Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында жолаушы және дизельді автокөліктердің жүруіне тыйым салынған еді. Қазіргі кезде жол ашылды», - делінген ведомство ақпаратында.