Алматы облысында қар құрсауында қалған сәби мен оның анасы құтқарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының құтқарушылары қар құрсауынан бір жасар бала мен оның анасын эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«4 қараша күні түнгі сағат 03:30-да Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің пультіне Кеген ауданының Тұйық ауылында жедел медициналық жәрдем автокөлігі қар құрсауында қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына дереу Кеген ауылынан Алматы облысы ТЖД-ң қызметкерлері жіберілді.
Бір жасар бала анасымен бірге болған жедел медициналық жәрдем автокөлігі қалың қар құрсауында қалғаны анықталды. ТЖД қызметкерлері жұқпалы ауруы бар баланы және оның анасын Кеген ауданының аудандық ауруханасына эвакуациялады. Баланың жағдайы тұрақты, қазіргі уақытта ол ауруханаға жатқызылды»,- делінген Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазгидромет» РМК-ның 2021 жылғы 2 қарашадағы ауа райы болжамы негізінде Алматы облысында 3-4 қараша күні ауа райының нашарлауы және қар жауатыны туралы ескерту жарияланды.
Алматы облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын сақтауға шақырады. Дауыл туралы ескертулер мен өзге де шұғыл ақпарат алу үшін «Darmеn» тегін мобильді қосымшасын жүктеуге болады.