Алматы облысында кәріз жүйесінің құдығына құлаған сиыр құтқарылды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары кәріз жүйесінің құдығына құлап кеткен сиырды шығарды. Жануарды құтқаруға екі техника мен 7 құтқарушы жұмылдырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Талдықорған маңындағы Мойнақ ауылында болған.
«Жануар жекеменшік үй ауласында жайылып жүріп кәріз жүйесі құдығының ашық люгіне (қақпақсыз) құлап кеткен. Мамандар сиырды Талдықорған қаласының № 1 МӨСБ АСА-20 автокөлігінің көтеру механизмінің көмегімен шығарып алды. Құтқару операциясы шамамен 30 минутқа созылды. Оқиға нәтижесінде жануар зардап шеккен жоқ», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр тамыз айында Алматы облысында егде әйел адам люкке құлап, екі сағат көмексіз жатқанын хабарлаған болатынбыз. Бұл оқиға Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында болды. Сол себепті ТЖД-ң өкілдері адамдарға барынша абай болуды ескертеді.
