Алматы облысында қарт шопанға құрмет көрсетілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қарт шопанға құрмет көрсетілді. Сексеннің сеңгіре жеткен Төлеген Құлахметовті Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Үштөбе қаласындағы үйіне арнайы іздеп барып, мерейтойымен құттықтап қайтты. Қазыналы қартқа сый-құрмет көрсетіп, еселі еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында қарт шопанға құрмет көрсетілді

Төлеген Құлахметов 35 жылдан астам уақыт мал шаруашылығында жұмыс істеп, алдыңғы қатарлы озат шопан болған. 100 қойдан 155 бас қозы алып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосты. 1981 жылы еңбегі еленіп, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Ақсақал құдай қосқан жары Гүлшетай әжеймен 3 қыз бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде солардан 10 немере және 11 шөбере сүйіп отыр. Әулиелер мекені саналатын Қаратал ауданынан 30-дан астам Еңбек Ері шыққан. Солардың бірі еңбекке ерте араласқан Құлахметов Төлеген ақсақал.

nullnull