Алматы облысында Қазақстандағы ең ірі жылыжай іске қосылды
АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы облысы Іле ауданында 5,1 гектар алқапты алып жатқан Қазақстандағы ең ірі жылыжай өз жұмысын бастады.
Онда жылына 3 821 тонна қызанақ, қияр және салат жасауда қолданылатын көкөніс өнімдері өндірілмек.
«Бұл салат жасауда қолданылатын көкөніс дақылдарын өсіретін технологиясы бар республикадағы тұңғыш жылыжай болып отыр. Онда аскөк, ақжелкен, балдыркөк сияқты дәстүрлі көкөністерден бөлек, алыс шет елдерден импортталатын айзберг, рукола секілді жаңа экзотикалық қымбат көкөністер де өсіріледі. Көкөніс нарығы тұтыну жағдайына тәуелді болғандықтан оның көлеміне қатысты нақты ақпарат жоқ. Ресми статистика бойынша біз Алматы қаласының көкөніс нарығында аталмыш өнімдерге деген сұраныстың 8-10 пайызын ғана қамтамасыз ете аламыз», - дейді «Green Land Alatau»ЖШС-нің директоры Алмас Даутов. Оның айтуынша, Голландия технологиясы бойынша жасалған бұл жылыжайдың құрылысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыруы арқылы ғана жүзеге асып отыр. Онда жылына 1 мың тоннадан астам қызанақ, 2 мың тонна қияр мен 1 мың тоннаға жуық салат өсіруге арналған көкөністер өндірілмек. Болашақта сұранысқа қарай жылыжай аумағын 15-20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.