Алматы облысында көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 938 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәселен, биыл бір ғана Кербұлақ ауданы бойынша 80 мың гектардан астам алқапқа дәнді-дақыл егіледі. Қазір аудандағы 21 шаруа қожалығы Үшбұлақ кооперативіне бірікті. Нәтижесінде егіс алқабы едәуір кеңейген.
«Қазір 7 мың гектар жерге ауыспалы егістік технологиясы қолданылуда. Бұрын әр шаруашылық өз жерінде дақылдың бір түрін егумен шектелді. Бұдан топырақтың құнары төмендеді, өнім де аз болды. Қазір мына іріленгеннің арқасында біраз жерлерімізге шабындық дәнін сеуіп отырмыз. Көпжылдық шөппен жерді тыңайтамыз», - дейді кооператив төрағасы Алдан Бекеев.
Шаруалардың айтуынша, бірігу арқылы ауылшаруашылығы техникасы еселеніп, ескісін жаңартуға да мүмкіндік туған.
Айта кету керек, Алматы облысы қант қызылшасын өсіруді мықтап қолға алды. Биыл облыста 9 мың гектар жерге тәтті түбір себіледі. Ал мамыр айының он бесіне дейін егу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.