19:26, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматы облысында қол қойылған меморандумдар келісімшарттарға ұласты
ТАЛДЫҚОРҒАН. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ – Ағымдағы жылдың ақпанында Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудағы қазақстандық үлесті іске асыру бойынша кеңес өткізген болатын,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Кеңес барысында облыс кәсіпорындары мен ұйымдарының басшылары тоғыз министрлікпен, ұлттық компаниялармен және жер қойнауын пайдаланушылармен 19 миллиард теңгенің өнімдерін жеткізіп беруге 66 меморандумға қол қойған еді. Бүгінгі күні қол қойылған меморандумдар аясында тоғыз келісімшарт жасалды.Ең үлкен келісімшартқа Іле ауданындағы «Бент» АҚ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен жасалған меморандум аясында «Жол жөндеуші компания» ЖШС-мен 368 млн. теңге сомаға шпал жеткізіп беруге қол қойды. Талдықорғандық кәсіпорын «Ерка БК» ЖШС аккумулятор батареяларын жеткізіп беру үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен және Алматы облыстық телекоммуникация дирекциясымен жалпы сомасы 31,5 миллион теңге болатын екі келісімшартқа қол қойды. Талдықорған қаласының аккумулятор зауыты ? «Қайнар АКБ» ЖШС ? «Қазақтелеком» АҚ-мен 2,6 млн. теңге сомаға аккумуляторларды жеткізіп беруге келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ-мен «Азия-электрик» ЖШС және «Ажар» ЖШС талдықорғандық кәсіпорындары жалпы сомасы бес миллион теңгеге тігін бұйымдарын жеткізіп беруге бір-бірден келісімшарт жасасты.