Алматы облысында көлік қаққан 31 жастағы жаяу жүргінші мерт болды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында көлік қаққан 31 жастағы жаяу жүргінші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көлік қағып мерт болған адамның оқиғасы видеоға түсіп қалды. Бейнежазба желіге жүктелді.
«Жол-көлік оқиғасы 1 наурыз күні Жамбыл ауданында болған. 21 жастағы «Lexus GS-300» автокөлігінің жүргізушісі Алматы-Бішкек тасжолының 44-ші шақырымында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 31 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, кейін қайтыс болды» делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, оқиға бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігінде сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.