Алматы облысында компания 7 балалы анаға үй алып берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Текелі қаласының тұрғыны, 7 баланың анасы Назгүл Көжекееваға «АСПМК-19» ЖШС төрт бөлмелі үй алып берді. Жалғыз басты ана бұған дейін пәтер жалдап тұрған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назгүлдің ең үлкен баласы - Айбол 10 жаста, ал кішкентайы 8 айлық. Төрт баласы мектепте оқитын ана баспана тауқыметін әбден тартқанын айтады.

«Пәтерден пәтерге көшіп жүргенімізге он жылдан асты. Көпбалалы ана болғандықтан, көп адамдар үйлерін бізге жалға бергілері келмейді. Бір жылдан асты жолдасымыз екеуіміз бөлек тұрамыз. Өйткені ол балаларды асырауды қойды, жұмыс істемеді. Қуанышымда шек жоқ. Мектеп те тура үйіміздің жанында екен. Енді балаларымның жатар орны, өз үйлері бар. Біріншіден осындай қамқорлықты жасауға ұйытқы болған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевқа шынайы алғысымды білдіремін»,- деді Назгүл Көжекеева.

Балаларының жәрдемақысымен күнелтіп жүрген әйел қазір «Күміс алқа» иегері. Кенжесі 1 жасқа толғанда «Алтын алқаға» құжаттарын өткізеді. 37 жастағы Назгүл Көжекееваға мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмектің де көлемі өсті. Мәселен, ол бұған дейін 76 мың теңге алса, енді 1 сәуірден бастап жеті баласына 165 мың теңге алатын болады.

Текеліде 415 көпбалалы отбасы бар. Олардың 170-нің баспанасы жоқ. Қаланың әкімі Бақтияр Өнербаевтың сөзінше, мамыр айында кәсіпкерлер тағы бір отбасыға баспана алып береді.

«Осы жақында ғана жергілікті ірі кәсіпкерлермен кездесіп, арнайы қор құрылды. Ол жерге түскен барлық қайырымдылық қаржысы жағдайы төмен отбасылардың әл-ауқатын көтеруге бағытталады. Кәсіпкерлердің қолдауының нәтижесінде, мұндай игі істерді біз жалғастыра береміз», - деді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.

Соңғы жаңалықтар