Алматы облысында қоршау ұрлаған қос тұрғын қолға түсті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Республикалық маңызы бар Алматы-Өскемен тас жолы жиегіндегі қоршауды бұзып алып кеткен екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
10 сәуірде Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпорын қызметкерлері Кербұлақ ауданының ІІБ арызданады. Шағымдарында белгісіз тұлғалар мал мен жануарлардың жолға шығып кетуінен қорғайтын торкөзді қоршауларды тіреуіштерімен бірге қолды еткенін хабарлайды.
Тәртіп сақшыларының тексеруімен 1000 метр қоршау мен 100 бағана бұзылып, 3 млн 663 мың теңге көлемінде шығын келгені белгілі болды. Жедел іздестіру шараларынан кейін Кербұлақ ауданының полицейлері осы ұрлыққа қатысы бар деген екі аудан тұрғынын анықтайды. Бірі Қарашоқы, екінші Сарыөзек ауылының тұрғыны. Тінту барысында ұрланған қоршаулар табылып, жол жөндеу мекемесіне қайтарылды.
ҚР ҚК 188-бабы, 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу амалдары жалғасуда.