Алматы облысында құны 96 млн теңге болатын контрабанда үшін екі азамат сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас көлік прокуратурасы тексеру барысында 96 млн теңгеден астам сомаға экономикалық контрабанданың белгілері бар қылмыстық құқық бұзушылықты ашты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып ҚазАқпарат хабарлайды.

Алматы облысында құны 96 млн теңге болатын контрабанда үшін екі азамат сотталды

Атап айтқанда, «AlemКazКargo» ЖШС атына келген автокөлікті тексеріп қарау кезінде кедендік рәсімдеуде айтылмаған тауарлар, яғни автобөлшектер, ұялы телефондарға қосалқы бөлшектер және басқа да заттар анықталды. Негізі бұл көліктің ішіндегі заттарды транзиттік декларация беру кезінде Алматы облысы бойынша МКД «Алтынкөл» кеден бекетінің маманы тексерген болатын. 

Серіктестік директорының заңсыз әрекеті және кеден маманының өз жұмысына адал қарамауы салдарынан мемлекетке 27 млн теңгеден астам шығын келді.

«Облыстың екі аудандық сотының үкімімен экономикалық контрабанданы ұйымдастырғаны үшін (ҚК 234-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы) кәсіпкер 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді, ал мемлекеттік орган қызметкеріне салғырттыққа жол бергені үшін (ҚК 371-бабының 2-бөлігі) 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды» деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы. 

96 млн теңгеден астам сомадағы контрабандалық заттар мемлекет кірісіне айналды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.