18:18, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматы облысында құрылысы аяқталмаған 20 тұрғын үй кешенінде үлескерлер бар
АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысында құрылысы аяқталмаған 20 тұрғын үй кешенінде үлескерлер бар. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Алматыдағы жұмыс сапары аясында қалалық әкімдікте өткен алқалы жиында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Алматы облысында 18 құрылыс компаниясы 20 тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Ондағы үлескерлердің жалпы саны - 2971. Былтыр 4-ші тоқсанда 4 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазір 766 үлескері бар 6 тұрғын үй кешенін компаниялар өз күштерімен салып жатыр. Олар «Алтын ауыл», «Алғабас», «Сакура», «Жаңа қуат», «Алма» және «Өркен» тұрғын үй кешендері», - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Төкенов. Оның айтуынша, 242 үлескері бар «Жаңа қуат» тұрғын үй кешенің бірінші кезеңі сәуір айында пайдалануға беріліп, оған алғашқы 145 үлескер қоныстанады. Ал қалған үлескерлер өз пәтерлеріне жыл соңына қарай кіреді. 24 үлескері бар «Алма» тұрғын үй кешенінде инженерлік желі ғана жүргізілмеген. Бұл жұмыстар алдағы сәуір-мамыр айларында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал проблемалық тұрғын үйлер кешенінің саны алтау. «Премьера», «Елім-ай» «Елисей алабы», «Бесағаш» және «Өмірзақ» деп аталатын бұл үйлерге 2400 үлескер қаржы құйған.