Алматы облысында құтқарушылар қар құрсауынан 268 адам мен 24 автокөлікті алып шықты
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат - Алматы облысында құтқарушылар қар құрсауынан 268 адам мен 24 автокөлікті алып шықты,
деп хабарлады жұма, қаңтардың 29-ы күні ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, қаңтардың 28-і күні түскі сағат 13.00-де Алматы облысы Алакөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі бастығынан Үшарал қаласынан 20 шақырым жерде «Алматы-Өскемен» автожолында қар құрсауында бірнеше көліктің қалып қойғандығы туралы хабар түскен.
Осы күні 15 сағат 15 минутта іздеу жұмыстарын жүргізу барысында 26-Іздеу бөлімшесінің жеке құрамы 24 машинаны тауып, оларды тазаланған күре жолға алып шықты. «Құтқарылғандар арасында үсік шалғандар мен зардап шеккендер жоқ», дейді құтқарушылар.
Іздеу-құтқару жұмыстары ҚР ТЖМ-ның Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің 5 адамы мен 1 техникасының күшімен жүргізілді.