Алматы облысында қыстақта әйелді өлтірген күдікті ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері әйел адамды өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында қыстақта әйелді өлтірген күдікті ұсталды

27 қазанда Жамбыл ауданының полицейлеріне Матыбұлақ ауылының маңындағы шаруа қожалықтарының бірінде адам өлімінің болғаны туралы хабар жеткен. Оқиға орнынан қинап өлтіру белгілері бар 43 жастағы әйел адамның мәйіті табылды. Шаруа қожалықтағы жұмысшылардың айтуынша, марқұм санаулы күн бұрын азаматтық некедегі жолдасымен қатты жанжалдасқан. Дегенмен, полицейлер келгенше әйелдің азаматтық жолдасы белгісіз бағытта ізін суытқан.

«Полицейлер жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, жақын маңды толығымен қарап шықты. Сол маңнан өтетін барлық автожолдар толық тексерілді. Екі тәуліктен соң бұған дейін әртүрлі қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған ер адам елді мекендерден қашық иен далада ұсталды. Күдіктінің осы уақытқа дейін тәртіп сақшыларынан бой тасалағаны анықталды. Қазіргі таңда ер адам Жамбыл ауданының полициясына жеткізілді және қамауға алынды»,- деді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ведомствода кісі өлімі дерегі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық кодексті 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын атап өтті.