Алматы облысында «қызыл» мәртебесі бар 148 адам карантин талаптарын бұзған

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысында «Ashyq» жүйесі арқылы «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 314 келуші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында «қызыл» мәртебесі бар 148 адам карантин талаптарын бұзған

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, 14 сәуірден бастап Алматы облысы аумағында «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды. Бүгінде облыс бойынша 2829 нысан жұмыс істейді. «Аshyq» жобасын енгізу басталғалы мониторингтік топтар 1797 нысанды тексеріп, 371 бұзушылықты анықтаған.

«QR-кодты сканерлеу кезінде облыс бойынша «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 314 келуші анықталды, оның ішінде «қызыл» мәртебе 148 адамда, «сары» мәртебе – 166 адамда болған. Еңбекшіқазақ, Алакөл аудандарынан және Қапшағай қаласынан келген бес келушіге 218 775 теңгеге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды», - деп хабарлады департамент.

Сондай-ақ Алматы облысы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған 268 мониторингтік топ жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар 25 мыңнан астам рейд жүргізді, 138 мың нысанды тексеріп, 1188 карантин режимін бұзу фактісін тіркеді.

675 нысанға 79 миллионнан астам теңгеге айыппұл салынды, оның ішінде 182 бұзушылық жаппай отбасылық және ұжымдық іс-шаралар (той, ұзату, құдалық және туған күндер) өткізу бойынша қоғамдық тамақтану орындарда жасалған. Карантин және маска режимін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 511 хаттама толтырылды.